Мақала жобаға немесе бизнеске инвестиция тартуды жоспарлаған, идеясы мен даму стратегиясы айқын және жоба материалдары жиналған адамдарға арналған.
НАҚТЫ, ҚЫСҚА ЖӘНЕ ПАЙДАЛЫ
Бизнес басында көптеген кәсіпкер ақшаны қайдан алуды ойлайды. Жауап айқын — инвестиция тарту. Бірақ оны ешкім жайдан-жай бере салмайды.
Инвестиция тартып көрмесеңіз, өз тәжірибемнен кәсіпкерлердің ақшаны қайдан іздеп, қалай алатынын айтып беремін.
Инвестиция іздеуге қажетті құжаттар
Қаражат іздеуге кіріспес бұрын дайындалу қажет.
Портфолио жинаңыз
Инвестор сіз туралы қысқаша ақпаратпен қатар бизнестің тарихын көргісі келеді: жобаны сәтті іске қосу тәжірибесі бар ма, іс қазір қай кезеңде, табыс табылды ма?
Бұрын инвестиция тартсаңыз, оны да айтыңыз. Қанша қаражат тартып, қаншалықты тез қайтарғаныңызды немесе қазір қалай есеп айырысып жатқаныңызды көрсетіңіз. Теріс тәжірибені жасырмаңыз: көптеген инвестор мәліметті оңай тексереді. Сәтсіздік туралы және мәселені қалай шешкеніңіз не шешіп жатқаныңыз жөнінде ашық айтқан дұрыс.
Оң ұсыным бере алатын адам болса, жақсы. Бұл алғыс хаттар, пікірлер немесе инвестор сөйлесе алатын адамдардың байланыстары болуы мүмкін. Олар қаражат алу мүмкіндігін арттырады.
Қаржы моделін жасаңыз
Кәсіпкерлер маған инвестиция тартуға көмектесу өтінішімен жиі келеді. Алдымен әрдайым қаржы моделін жасаймыз: ол ақшаның қайда жұмсалатынын, жоспарлы пайданы және инвестицияның қашан өтелетінін көрсетеді. Бұл — меншік иесіне де, инвесторға да маңызды көрсеткіштер. Олар жобаның табысты әрі пайдалы болатынын растайды.
Инвестицияның өтелуі — бизнес инвесторға ақшаны қайтарып, содан кейін ақша тапшылығына ұшырамауға жеткілікті қаражат тапқан сәт.
Қаржы моделін жасау үшін меншік иесі өзі немесе маманның көмегімен мына ақпаратты жинауы керек:
Сату жоспары.
Жоспар бәсекелестер талдауымен негізделуі тиіс: олар кім, қанша және қандай бағамен сатады? Клиент тартудың түсінікті жүйесі де қажет: қандай арна мен тәсілді қолданасыз, қанша клиент тарта аласыз және оған қанша жұмсайсыз?
Өндіріс жоспары.
Өндірістік қуатты ескеріңіз: орын, жабдық, адамдар жоспарды орындауға жеткілікті ме? Инвестиция жаңа жабдыққа жұмсалса, қуат бірден артпайтынын ұмытпаңыз. Іздеу, жеткізу, орнату, оқыту және қызметкерлерді көбейту уақыт алады.
Қызметкерлер шығынының жоспары.
Өндіріс пен сату жоспарына сай штаттың біртіндеп өсуін қарастырыңыз. Қызметкерлердің ақысы сату не өндіріс көлеміне байланысты болса, оны да есептеңіз.
Сатып алу және қорлар жоспары.
Бизнеске тұрақты сатып алу қажет болса, оны ескеріңіз. Қазіргі және әлеуетті жеткізушілердің мүмкіндігін, бағасын, жеткізу мерзімін талдаңыз. Коммерциялық ұсыныстар сұратқан жөн: инвестор оларды көргісі келуі мүмкін.
Кірістер мен шығыстар жоспары.
Бұл жоспар алдыңғы тармақтарды біріктіріп, бизнестің қанша пайда әкелетінін көрсетеді. Инвестор пайызға қарыз берсе, оған төленетін сыйақыны шығындарға қосуды ұмытпаңыз. Үлеске кірсе, пайданың қанша бөлігі меншік иелеріне төленіп, қаншасы дамуға қалатынын көрсетіңіз.
Ақша қаражатының қозғалысы жоспары.
Бұл жоспар да алдыңғы тармақтарды біріктіреді. Инвестицияны неге жұмсайтыныңызды көрсету маңызды. Дәл осы жерде меншік иесі мен инвестор қаражаттың қашан өтелетінін көреді.
Қаржы моделін оптимистік және пессимистік екі нұсқада жасаған жөн. Пессимистік нұсқаға сатудың күткеннен баяу өсуі, сатып алу бағасының қымбаттауы немесе жеткізілімнің кешігуі сияқты тәуекелдерді енгізіңіз. Оларды модельдеумен қатар әр жағдайда не істейтініңізді ойластырыңыз. Мұндай тәсіл инвестиция алу мүмкіндігін арттырады.
Таныстырылым жасаңыз
Қаржы маманы модельді жасап, болашақ не жұмыс істеп тұрған бизнестің табыстылығын көрсететін көлемді кестелерді дайындаған соң, бұл ақпаратты инвесторға жеткізу қажет.
Ақпаратты компьютерде, ноутбукте немесе телефонда көрсетуге болатын таныстырылымға жинаған жөн. Көрнекілікке мән беріңіз: көп адам жалаң сандардан гөрі суреттерді, сызбалар мен графиктерді жақсы қабылдайды.
Таныстырылымға мына ақпаратты енгізіңіз:
- қысқаша портфолио;
- инвестиция қажет бизнестің сипаттамасы;
- негізгі сандар: қажетті инвестиция сомасы, мерзімі, шарттары (пайыздық мөлшерлеме немесе бизнестегі үлес), осы кезеңдегі болжамды пайда және өтелу мерзімі;
- жобаның ықтимал тәуекелдері және оларды басқару жоспары;
- байланыс деректері.
Инвесторлардың, банктердің және қорлардың құжат талаптары әртүрлі болуы мүмкін. Дегенмен бұл — қаражат іздеген кез келген кәсіпкерде болуы тиіс ең аз материалдар.
Құжаттарды қарастырдық. Енді инвестиция іздеу жолдарына көшейік.
Қаржыландыру түрлері
Қаражат тартудың ең кең тараған әрі түсінікті екі жолы бар:
Қайтарылатын қаражат.
Бұл — қарыздар мен несиелер. Ақшаны пайызбен немесе пайызсыз алуға болады. Бірақ бизнесте не болса да, оны қайтару керек.
Үлестік инвестиция.
Инвестор серіктес болып, тәуекелді сізбен бөліседі. Банкрот болсаңыз, ол да салымын жоғалтады және сіз оған қарыз болмайсыз. Бизнес табысты болса, үлесті кері сатып алу туралы келіскенге дейін пайданы серіктеспен бөлісесіз.
Қайтарылатын қаражатты тарту жеңілірек, өйткені бұл көпшілікке түсінікті: ақшаны уақытша алып, пайызымен қайтарасыз. Басқару шешімдерін ешкіммен келісудің қажеті жоқ. Дегенмен ақша қайтарылғанша аралық нәтижелер туралы есеп бересіз.
Мұнда бүкіл тәуекел меншік иесіне тиесілі. Бизнес залалды болса да, ақшаны қайтару керек. Қарыз көбіне мүлік кепілімен беріледі, сондықтан банкроттықта бизнестен бөлек пәтер мен көліктен де айырылуға болады. Бизнес табысты болса, меншік иесі қарыз бен пайызды өтеп, қалған және болашақ пайданы өзінде қалдырады.
Үлестік инвестицияның қарыздан айырмашылығы — инвестор серіктес болып, бизнестің бір бөлігін иеленеді. Сондықтан алғашқы қиындық — үлес көлемін келісу.
Инвестор сәтсіздік тәуекелін меншік иесімен бірге көтереді. Бизнес залалды болса, екеуі де салған қаражатын жоғалтады, бірақ бір-біріне қарыз болмайды. Пайдалы болса, табысты бастапқыда келісілген үлестерге сай бөліседі.
Инвестор компанияны басқаруға белсенді қатысуы мүмкін. Тіпті шағын әрекеттерді де келісуге тура келуі ықтимал: тауарды қайдан, кімнен, қандай бағамен аласыз, сауда нүктесін қайда ашасыз, қанша саласыз, кімді қандай ақыға жалдайсыз және тағы басқа.
Инвестордың үлесін кері сатып алуды шешсеңіз, сома оның бастапқы салымынан мүлде өзгеше болады, өйткені бизнес сатып алу кезіндегі құнмен бағаланады.
Қаражатты қандай шартпен тартуға дайын екеніңізді барлық артықшылық пен кемшілікті саралағаннан кейін шешіңіз.
Инвестиция іздеу жолдары
Кәсіпкерлерге инвестиция тартуға көмектескенде кездескен нұсқаларды қарастырайық.
Жақын орта.
Инвестор іздеуді әрдайым өз ортаңыздан бастаған жөн. Бұл тәсіл 3F — family, friends, fools, яғни «отбасы, достар, аңғалдар» деп аталады. Байланыстар тізімінен бастаңыз. Көп адам бұл тәсілді елемейді, алайда маған кеңеске келген кей кәсіпкер инвесторды достары мен туыстары арасынан тапты. Дегенмен ақша ең жақын адамдардың өзін араздастыруы мүмкін екенін ұмытпаңыз.
Таныстар және олардың таныстары.
Нетворкинг, іскерлік таңғы ас пен кездесулер байланыс орнатуға көмектеседі. Өзіңізді, жобаңызды және ұсынысыңызды таныстыратын 1–3 минуттық «лифт таныстырылымын» алдын ала дайындаңыз. Ол лифтіде бірге көтерілген қысқа уақытта айтуға болатындықтан осылай аталады. Қызығушылық тудырсаңыз, әңгімені ыңғайлы ортада жалғастыруға болады.
Іскерлік іс-шаралар.
Қалаңыздағы іс-шаралардың тізімін жасаңыз. Олардың міндетті түрде бизнес тақырыбында болуы шарт емес: инвесторлар келуі мүмкін бе, соны бағалаңыз. Мүмкін болса, қатысып, спикерлерге сұрақ қойыңыз және қысқа таныстырылымды ұмытпаңыз.
Бизнес-періштелер.
Бұл жеке инвесторлар бастапқы кезеңдегі жобаларды қаржыландырып, сарапшылық қолдау да көрсетеді. Олар көбіне компаниядағы үлеске айырбас ретінде тәжірибесін бөлісетін тәлімгерге айналады. Олармен таныстар арқылы немесе іс-шарада кездесе аласыз.
Гранттар мен байқаулар.
Бұл — жеке не мемлекеттік қорлардың белгілі шарттармен беретін қайтарымсыз қаражаты. Мысалы, ақша нақты саланы дамытуға немесе тек жабдық алуға беріледі. Байқау ұйымдастырушысын таңдап, өтінім жіберіп, іріктеуден өту керек.
Краудфандинг платформалары.
Краудфандинг — арнайы онлайн платформалар арқылы көптеген адамнан жобаға қаражат тарту. Меншік иесі тіркеліп, нақты сомаға өтінім береді және ақшаның неге қажет екенін таныстырады. Инвесторлар көптеген жоба арасынан қолдайтынын таңдайды.
Инвесторлар клубтары.
Бұл — жеке инвесторлар немесе бизнес-періштелер қауымдастықтары. Кейбірі ашық, интернеттен табылады, ал жабықтарына таныстардың шақыруымен ғана кіруге болады. Ұйымдастырушылар қызықты жобаларды тауып, тақырыптық кездесулерде ұсынады. Көбіне стартап клуб арқылы бірнеше инвестордан қатар қаржыландыру алады.
Банктер және басқа кредит ұйымдары.
Бизнесті ашуға немесе дамытуға несие аласыз. Банк қаржылық жағдай мен қаржы моделінің тиімділігіне қарай қаржыландыру мүмкіндігі мен шарттарын шешеді. Несие әдетте жеке немесе компания мүлкінің кепілімен беріледі.
Бизнес-періштелердің, клубтардың, қорлар мен краудфандинг платформаларының үлкен каталогы инвестиция іздеуге көмектесе алады.
Қорытынды
Компанияға инвестиция тарту — меншік иесінің уақыты мен күшін талап ететін күрделі үдеріс. Бұл ұзақ жолды қаржы моделінен бастаған жөн. Ол стартаптың инвестиция тартуға және салымды ақтауға мүмкіндігі бар-жоғын көрсетеді.
Бұл іске шындап кірісіп, бизнес-жоспар жазғысы келетіндер үшін Telegram арнамда әр дайындық қадамы егжей-тегжейлі жазылған чек-парақ жарияладым: https://t.me/proconsultkz
Соңында: жобаны дайындау — қаржы, маркетинг, экономика мамандары мен жоба менеджерін тартуды қажет ететін күрделі үдеріс. Мұның бәрі бізде бар. Сондықтан жобалық қаржыландыруда 25 жылдық тәжірибесі бар Pro Consulting ЖШС мамандарына жүгінуді ұсынамыз.